Әлiбек ШЕГЕБАЕВ "ЕРТЕҢ (Маралтайға)"
Әлiбек ШЕГЕБАЕВ, ақын. Оңтүстiк Қазақстан облысы Шардара ауданында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегерi, Жастардың 5-iншi Халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң және «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты.
ЕРТЕҢ
(Маралтайға)
Жарып шығып ай мен жылдың жатырын,
Тәртiптi күн өте берер ақырын.
Ертең тағы жоқтайды ел еңiреп
Қаңғып жүрiп өлiп қалған ақынын.
Сыртқа шығып тiрлiк дейтiн жақшадан,
Құтылады ол арақтан да, ақшадан.
Жамандығын алып кетiп өзiмен,
Сонан кейiн атанады жақсы адам.
Өмiр сүрмек басқа жақта өмiрсiз,
Ал денесiн аймалайды қоңыр сыз.
Өп-өтiрiк көзiн сулап күндестер,
Еске алады кештер жасап көңiлсiз.
Еске алып, естелiктер, өлеңдер
Жылап жазып, сабылады төменде ел.
Тiрiсiнде iшкiш едi қаңғырған,
Ендi өлдi, сол үшiн де кемеңгер.
Қайғы-мұңды қара басқа қаптатып,
Кiрмейдi ендi бараққа да, баққа түк.
Ол аспанда ақ Ай болып жүредi,
Өлеңдерiн жұлдыздарға жаттатып.