Күләш АХМЕТОВА "Маралтайға"
ақын. Қырғызстанда туған. Қазақ ұлттық университетiнiң филология факультетiн бiтiрген. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденiнiң иегерi. Тәуелсiздiктiң он жылдығы, Астананың он жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының Бас жүлдегерi.
Маралтайға
Аға iздеген Маралтай, дос iздеген,
Керуеннен адасып, көш iздеген.
Даңқтың елiн барлаған даралардың
Бәрi де жүрiп өткен осы iзбенен.
Алдың — майдан, бұл өлең — бүлiк десең,
Жет, Маралтай, жел табан киiкке сен!
Дала — сенiң өлшемiң, жеткенiңше,
Таулар — сенiң өлшемiң, биiктесең!
Маралға да ұқсайсың, жылқыға да,
Далаңа да ғашықсың, жұртыңа да.
«Уақыттың қасынан» өтсең.., бала,
Күркiреп өт, болғанша күлкiң ада!
Өң мен түс
Қызыл бидай, ақ күрiш,
Қырман боп үйдiң iшiнде,
Төгiлiп тасып жатты ырыс
Түнiмен менiң түсiмде.
Патшаның өзi кенеттен
Алғандай бiздi еске елеп,
Май артылып шелектен
Бал құйылып бөшкелеп.
Нан жауады ауадан,
Сүт айналып бұлаққа,
Алтындатқан науадан
Ағылады шұбат та.
Таратамын шөмiштеп,
Таратамын кеселеп,
Қолдаған соң перiште,
Тола бередi еселеп.
Берекелi күйiмде
Жатыр екем шалқиып.
Ояна кетсем, үйiмде
Бiр бейне жүр қалқиып.
Жас ақын екен, ертелеп
Келмеген болар шырақ құр.
«Ұлды болдым!» деп еркелеп,
Сүйiншiсiн сұрап тұр.
Ұяттан бордай үгiлдiм,
Басып төрүй жаққа адым...
Олай да былай жүгiрдiм,
Орайлы нәрсе таппадым.
Ақындар жүдеу екен-ау,
Жүр ғой демесе елде есен.
Не берсем екен, көкем-ау,
Көрген түсiмдi бермесем?..