Исраил САПАРБАЙ "ХАТ ЖАЗДЫМ ҚАЛАМ АЛЫП МАРАЛТАЙҒА"
ақын, драматург. Өзбекстанның Самарқанд облысы Күшрабад ауданында туған. Шымкент педагогика институтының тiл-әдебиет факультетiн бiтiрген. Түркi поэзиясы халықаралық фестивалiнiң, Қазақстан Жазушылар одағының I.Жансүгiров атындағы сыйлығының, Тәуелсiз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты.
ХАТ ЖАЗДЫМ ҚАЛАМ АЛЫП МАРАЛТАЙҒА
Хат жаздым қалам алып Маралтайға,
Қол созған жерде тұрып Өр Алтайға.
Жүргенiң кеше едi ғой тәй-тәй басып,
Мiнгенiң кеше едi ғой Өлең-тайға!
Тоқисың өнерiңдi хатқа, бала,
Оқисың өлеңiңдi жатқа, бала.
Жолдасың — жүрген жерде — Қыдыр болып,
Қолдасын талабыңды Хақ-Тағала!
Құмарсың өзiңдi-өзiң қызықтауға,
Жүргендей жүзiм сағын үзiп бауда.
Еменнен ел таппай ма сая-пана,
Тереңнен су алмай ма сүзiп қауға?..
Өлеңнiң аспанында арайланып,
Бiр күнде шықпақпысың Абай болып?
Бұл қазақ, аман болса, әлi өзiңдi
Тобықтан түсiрер-ау талай қағып...
Алынбас оңайлықпен Абай — қатпар,
Абайға, айналайын, абайлап бар.
Арбасқан ағайындар, аман болса,
«Марғасқа Маралтай» деп талай мақтар.
Мақтанға мастанбайтын жан бола ма? —
Көрермiн әуселеңдi сонда, бала:
Қасыңда дос түгiлi, қас та қалмай,
Қаларсың қаның кеуiп маң далада.
Аларсың аға сөзiн сонда есiңе,
Амал жоқ, тағдыр жазса, көнбесiңе.
Адамға көршi ежелден бақ пен қайғы,
Адамға еншi ежелден сор, несiбе...
... Тоқисың өнерiңдi хатқа, бала,
Оқисың өлеңiңдi жатқа, бала.
Жолдасың — жүрген жерде —
Қыдыр болып,
Қолдасын талабыңды Хақ-Тағала!
* * *
Жетедi бiр кiсiдей желiк сенде,
Өзiң бiл: сенiп-сенбе, сөнiп-сөнбе...
Жалғанда ақындардың тұзы жеңiл,
Жан сырын жұбанатын телiп шерге.
Дүниенiң түзеймiн деп кем-кетiгiн,
Алмаймыз сен де тыным, мен де тыным.
Бүгiнгi ақын — кеше еркетұғын,
Бүгiнгi әкiм — кеше пендетұғын...
Боларын ақырзаман кiм бiлiптi,
Аспан сұр,
Ай ажарсыз,
Күн бұлтты...
Қоямыз ендi, iнiшек, еркелiктi,
Қоямыз ендi, iнiшек, жындылықты.
Құн да жоқ, құзыр да жоқ ендi өлеңде,
Қайтесiң «пенделерге» сенбегенде?..
Қалайсың қармақ құсап қалтылдауға?
Қалайсың қаңбақ құсап дөңгелеуге?
* * *
Жассың ғой,
Жассың, бiлем, жассың әлi,
Тағдырдың саған таңсық ащы дәмi.
Ләззаттың балын емес, зәрiн iшкен
Қазақтың қанша жайсаң, жақсылары...
Кезiңде жаңа ғана қауыз жарған,
Сол умен сыңайың бар ауызданған.
Сенi де көктей сорып солдырар ма
Сұм жалған,
Сұлу жалған,
Жауыз жалған?!
Көбейiп тұрған кезде Қарынбайлар,
Кiм сенiң жайыңды ұғып, халiңдi ойлар?
Қасiрет хас жүйрiктiң бағын байлар,
Қасиет сүтпен сiңген қаныңда ойнар.
Сүт пен у араласса бұла қанға,
Дiлiңнен дiрмән кетер дiн аманда.
Бүгiнде кiм қарайлар жылағанға?
Бүгiнде кiм маңайлар құлағанға?
Құлама, жылама да, сүрiнбе де!
Қунасын, құламасын құлын дене.
...Денеңдi дiмкәс жандай дiрiл көме,
Күрмелiп бара жатыр тiлiң неге?
Қой, доғар, жалықтырды жаттанды өлең,
Сен — суға,
Түскен екен қақпанға өлең.
Ақындар құлқынына құлдай көнсе,
Айлакер әзәзiлдi тақтан көрем!
* * *
Бәрi iшкен...…
Тоқаңдар да, Төлеген де.
Өлдi олар. Қалды еншi боп
Өлең елге.
Қадiрiн бiр-ақ бiлдiк бiз олардың,
Қайырылмай алды-артына жөнегенде.
Бәрi iшкен...…
Iзтайлар да, Шәмiлдер де,…
Тапсырған жанын көкке, тәнiн жерге.
Қаныңа сен де арақты араластыр,
Жаныңа сен де, iнiшек, дамыл берме!
Бәрi iшкен...
Төлеужан да, Мұқаңдар да,
Жүйкесi жұрттан бұрын жұқарғанда.
Қазiр де сол баяғы мәзiр әзiр
Жұптасып әзәзiлмен жұтар жанға.
Бәрi iшкен...
Кеңшiлiк те, Жұматай да,
Барғыштап ана тойға, мына тойға.
Кемдiгiң осы болса, кеш қап жүрме,
Сен де, iнiм, қамшыңды бас
Құла тайға!
Тiрлiкке бiр кiсiдей көнбiс едiм,
Көзге мұң,
Көкiрекке толды шерiм..
«Ештен кеш жақсы» деген,
сол неменi,
Шамасы, бүгiн-ертең мен де iшемiн...
* * *
Басылады, бәрi де басылады,
Жалынға ұқсас адамның жас уағы.
Сен өртенiп,
Сен өшiп бiткен жерден
Басталады көктемнiң жасыл әнi.
Басталады көктемнiң жасыл әнi,
Жасыл әнге жас дауыс қосылады.
Сен әдiрем қаласың,
ал, Дүние,
Әлдеқайда дүрлiгiп, асығады...
Сен тұрасың орныңнан iлеспекке,
Iлби басып iзiңдi түгеспекке.
Сенiң көзiң тұрғанда тұманданып,
Күнес бетке ұмтылар гүл өспекке!
«Iшiрткiсiн алдымен берiп алып,
Iшкiш дейдi сонан соң менi халық...»
Опынарсың,
Өкiнiп отырарсың,
«Орда бұзар отызға» келiп алып.
Ерте өртенiп,
Ерте өшкен қандай күнә?!
Тау мен тасқа соғарсың маңдайды да.
Жүрек дертке,
Тап болар жан қайғыға,
Кешкен өмiр,
Өшкен өрт жанбай мына...
Көшкен өмiр,
Өшкен өрт күлге айналар,
Елге желдей тез жетер мұндай хабар.
Өттiң уы өзектi жайлаған соң,
Өксiк буар,
Өкпе өшер,
Тiл байланар...
Бақ үрiккiш,
Келедi тақ тайғанақ,
Қашқан бақты қуған сор қақпайламақ.
Өлеңiңдi өзiңнен бұрын көмiп,
Өз көрiңдi өкiрiп жатпа аймалап!..
* * *
Кiмге керек, Марал-ау, масаң өлең,
Қанжар қайрап жатқанда қасап-әлем,
Алшаң-алшаң басасың аяғыңды,
Той өткiзiп жүргендей Асабамен.
Масаң өлең,
Булы өлең,
Көбiктi өлең —
Көресiмдi мен сенен көрiп келем.
"Кеселiңе» жөн болсын келмей жатып,
Есенинге ес-түссiз елiктеген?
«Неменеңе жетiстiң бала батыр?»
Жағадан ап жатқанда Заманақыр.
Өмiр құны бүгiнде — өлшеулi өлiм,
Өлең құны бүгiнде — қара бақыр.
Алматы — көл, ернеуi еңiс келген,
Көл таусылып көрген бе сен iшкенмен?
Арақ iшiп озбассың орыстардан,
Сыра iшiп озбассың немiстерден.
Мен де iшкенмiн, әлiмше жұта алғанмын,
Жұқарғанның бiрiмiн, мұқалғанның...
Сасық арақ — сарқыты Сергейлердiң,
Сары сыра — сарқыты Мұқаңдардың.
Кiмдер озып, белгiсiз кiм қалары,
Жаутаң қақса — сол жаман, жыр жанары.
Елден бұрын елпiлдеп кетiп жүрме,
Ана жақтың келгенде бiр хабары.
* * *
Жамбылдан Алматыға неге келдiң,
Желiк пе,
Қолтығыңнан демеген кiм?
Көсегем көгерер деп ойладың ба
Iшiнде көп ақынның, көп өлеңнiң?
Сия емес, қанын құйған қыл қаламға,
Апыр-ау, ақын аз ба бұл ғаламда?!
Аспаны Алматының аза тұтар
Көп ақын көлбақадай шулағанда!
Кiм тыңдар көп ақынның аза-мұңын?
Жалғанға жайымды айтсам — жазалымын.
Жаратқан қашан iлер құлағына
Қарлыққан, қажып бiткен қазақ үнiн?
Ер емес, керек кезде елге мүсiн,
Сенделген сен де әлде пендемiсiң?..
Ауылда туған ақын, шынымен-ақ,
Келе ме Алматыға өлмек үшiн?
Ауылдан неге асықтың астанаға —
Ажары пәс қалаға, лас қалаға?
Арағын ашатындар аз ба мұнда
Араны жаңа ашылған жас балаға?..
* * *
Айтқаныңның бәрi жөн, рас, бала,
Аулыңнан алыс емес бұл астана.
Бiзде «тапшы» тұратын
Қадыр ғана,
Бiзде жақсы тұратын
Тұмаш қана.
Қалғандары — қайыршы қатардағы,
Адамға да, қоғамға жат арманы.
Қабiрге аян тек қана жатар маңы,
Тәңiрге аян тек қана татар дәмi.
Iшкен-жеген, тәйiр-ай, есеп пе едi,
Қос қолға ұстап жүргенде қос өкпенi!
Кезек ашқан алды-артын алдамшы өмiр
Жезөкшеден аусайшы төсектегi!
Балапандай шуласа бала, қатын..,
Қай жерiңдi бiтейдi қаламақың?
Тiгiсiнен сөгiлген тiршiлiктiң
Сөйте жүрiп тiлейсiң саламатын.
Жайымды айтып жатырмын
саған неге?
Жалаң аяқ,
Жалбыр шаш,
«Жаман неме» —
Алматыны қайтесiң,
Есiң барда
Аулыңа қайт, қалада қалам деме...
Жалаң аяқ,
Жалбыр шаш,
«Жаман неме»,
Ежiрейiп қарайсың маған неге?
Елiңе қайт!
Сол елден өлеңiң мен
Маған жолдап тұрарсың сәлемдеме...
* * *
Қайтесiң, қайтесiң сен бұл қаланы,
Адамға ашылмайтын бiр қабағы.
Басынан бал-бұл ұшып гүл жамалы,
Таусылып, әлдеқашан тынған әнi.
Қайтесiң, қайтесiң бұл сұм қаланы,
Адалға ашылмаған жұмбағы әлi...
Қан құсып ақындардың қыл қаламы,
Басына үйiп алған мұң-наланы.
Қайғы бар, қасiрет бар қабағында,
Қайт, iнiм, бұл қаладан аманыңда.
Сенсiз де тағдырдың тас қамалында
Қамығып, қанша жандар қамалуда.
Құс екеш, құс та талып жетер көлге.
Өмiрiң, өкси берсең, өтер демде.
...Ұзамай мен де кетем, кетем мен де
Көз көрмес,
Көңiл жетпес бөтен жерге...
* * *
Бағынбас бала бүркiт күш, айлаңа:
Өзiң бiл өлең жайын, iш, ойлама!
Лайлансын сен iшкен у тұнығынан,
Айналсын сен жүрген жер Мүшәйраға!
Асау ма құлын-тайдан құрық көрген?!
Ақын ба ақылға ерте ырық берген?!
Бесiк пе «Әлди» айтпай тынып келген?!
Есiк пе ертелi-кеш құлып көрген?!
Жыр оқы шаршы топта шабыттана!
Кет кейде айдалаға лағып, бала!
Ақынды пiр санайтын — халық қана!
Ақынды тұмшалайтын — табыт қана!
Өмiр ме?
Өмiр емес, далбаса бұл!
Жалына жарау аттың жармаса бiл!
Жiбегiн Төлегеннiң аһ ұрғызып,
Жүрегiн арулардың қанжоса қыл!
Жортады жолбарыс пен түзде арыстан,
Құлжаға кiм қызықпас құздан ұшқан?!
Талайлар талабыңнан тәубе танып,
Талайлар өлiп кетсiн қызғаныштан!!!