Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Әлия Сұлтанхан "СОПЫЛЫҚПЕН ҮНДЕСКЕН СӨЗ СИҚЫРЫ"

Әлия Сұлтанхан "СОПЫЛЫҚПЕН ҮНДЕСКЕН СӨЗ СИҚЫРЫ"

09 июль 2018, Понедельник
663
0


Әлия Сұлтанхан, филология ғылымдарының кандидаты. Қызылорда облысы Шиелi ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универси­те­тiнiң филоло­гия факультетiн (бакалавр, магистр, аспи­ран­тура) бiтiрген.  



СОПЫЛЫҚПЕН ҮНДЕСКЕН СӨЗ СИҚЫРЫ



Адалдықтың биiк пайымын поэ­зиясында пәрмендi жыр­ла­ған Маралтай Райымбекұлы — қаламының жүйрiктiгiне қалық­та­ған қиялы қабат iлесiп оты­ра­тын, ақындық мұраттарына адамзаттың асқақ армандарын, адамгершiлiктiң асыл қасиет­те­рiн арқау еткен ақын. Жаңа­лық­қа құлаш ұрған, қысқа қайы­рым мен мол тұжырымды өнеге тұтқан жалынды жырлардың иесi, келте өлеңмен келiстi жыр­лай­тын, аз мағынаға мол ұғым сый­ғызатын стильдi жазу мә­не­рiне сiңiстi еткен Марал­тайды жаңа заман талабына сай жазатын жаңаша ақын десе де болғандай. Ақын өлеңдерiнде ислам дiнi қағидаларымен астасып жа­та­тын адамгершiлiк рухын көтеруге талпынып, iзгiлiкке iңкәрлiк пен жақсылыққа құштарлықты жалаң насихат пен жадағай үгiттен ада күйiнде жеткiзедi. 

Өлеңдерiнiң дiни сипатымен ерекшеленетiн, жыр әсемдiгiмен, нәзiк иiрiмдi өлең жолдарымен оқырманын бау­рап жүрген, қаламының қарқынынан қанатты жырлар туындайтын ақын арынын әдеби қауым жоғары бағалайды. Маралтай жырларында көп кездесетiн образды сөз үйлесiмдiлiгi ай, жұлдыз секiлдi аспан дене­лерiмен астасып жатады. Маралтай жинақтарының «Ай», «Ай-Нұр» аталуы да кездейсоқтық нышаны емес болар. Космогониялық құбылыстарды өлең ком­по­зициясында жиi қолданатын ақын қиялы кеңiстiктiң кiл биiгiн шарлау арқылы кең дала мен жер жаһаннан таба алмаған ақиқат, адалдығын айдан, нәзiктiк, шынайылықты жұлдыздан iздейдi. Поэтикалық қуатты паңдана қараған аспаннан алады. 

Маралтай тосын теңеулермен, сәттi шыққан соны метафоралармен өлеңiн көркемдей келе, мазмұнның маңыздылығын, ойдың орамды болуын, әрбiр сөздiң өз орнында тұрар тиянақтылығын көздейдi.

Маралтай өлеңдерiнде Құран сүрелерiн жыр үлгiсiне түсiрiп, «Құранға елiктеп жыр жауһарын тiзген» Пушкин мен жүрегiне Жаратушының нұры құйылған Толстойды үлгi тұтады. Құран сөзi көңiлiне қонып, жыр туындатқан Маралтай сүрелердi поэзия тiлiмен сөйлетуде дәлме-дәлдiкке сүйенудi жөн санайды, өлеңiне поэтикалық қуат үстейдi. Өлеңде «перiште кеуде адамдар», «жал­ғанның кiрi», «жанның ауыл-мекенi» секiлдi ауыс­тырулар мен айқындауыштар орын алып, ой қо­мақтылығы арта түседi, бiрақ нақтылық жойыл­майды. 

 Маралтай ақын өлеңдерi ХХ ғасырда Еуропада туындап, дүние жүзiн шарлап кеткен модернистiк бағытта талданып, оның «кеуделi бұтағы» символистiк дүниетаным аясында қарастырылып жүр. Бұл тұжырыммен келiсе отырып, бiздiң айтпағымыз, ХХ ғасырдың бас кезiнде дүниеге келген символизмнiң кей тұстарын VIII ғасырда туындаған суфизмнен көре алатындығымыз едi. Суфизмнiң негiзгi идеясы Алламен бiрiгу болып, символикалық жүйе құруда дiни астары басым түсiп жатады. Символист Маралтай шығармашылығы суфизм поэзиясымен сабақтас келiп, өлеңде қолданған әдiсi мен рухани жоғарылауды мақсат тұтқан мазмұн тарапынан екi ағымды бiрiне бiрiн жалғайды. Аспанның асқарын «мекен еткен» Тәңiрге деген махаббат сопылық таным мен сол аспанға асық символистер жырын жақындастырады. Сопылар мәңгiлiк пен тазалықтың кепiлi аспандағы Алламен бiрiгуге асықса, символистер өлеңiндегi идея да соған ұқсас, символ арқылы берiлетiн ай, күн, жұлдыз секiлдi аспан денелерiне ынтық. Алланың мекенi — таза рухтың тұрағы — аспанға талпыныс идеясы қазiргi ақындардың танымдық салтты ұстанғандығын көрсетедi. 

Ақиқатты iздеу аясындағы дәстүрлi идеяны, қамкөңiл күйдi арқау еткен Маралтай өлеңдерiнiң мұңмен жақын­ды­ғы, қара бояудың қоюлығы назарға iлiкпей тұрмайды. «Маралтайдың — қазақы өлеңнiң дәстүрлi өскiнi» екен­дiгiмен келiсемiз, оны ешкiмге ұқсатпайтын жаңа­шыл жырындағы мұңлы сезiм де дәстүрлi. Ақын атау­лының қайғы-мұңмен туыстас келуiн Төлеген ақынша айтар болсақ, «жара бiткеннiң аузында жүру мен бар жыртыққа жамау боп тiгiлу» себебiнен олар мұң-шерменен шендес келедi. 

Сопылық әдебиет пен символизм поэзиясындағы ұқ­сас ұстаным — кiршең тартқан өмiрден шарқ ұрып тазалық iздеу екендiгi белгiлi. Маралтайдың «Ақшамда ару болып келедi де» деп аталатын өлеңiнде осы идея көрiнiс тапқан. Жырда «өксiк өмiр» ақшам уағында ару боп келiп арбайды, тереңiне тартып кететiн түнге де ұқсайды. Ал рухани тазалыққа ұмтылыс «жа­рыққа жан үзiп жалтақтаумен» алмастырылады. «Нұрға ынтық көңiл» — сопылыққа тән символика. Оның лирикалық кейiпкерi өмiрден шаршап, қайғы-мұң сезiмiне берiледi. Мұның әсерiнен поэзияда «қо­ғам­нан жекелену» құбылысы бой көтередi, оның Маралтай өлеңдерiндегi көрiнiсiн төмендегi жолдар дәйектейдi:

Келе алмас тiрiлермен келiсiмге 

Туған ұл мен шығармын көр iшiнде...

Адамдармен келiсiмге келе алмаған Маралтай кейiпкерлерi, көбiне, о дүниеде жүредi, бұл да қоғамнан рухани ажырау әсерiнен туындаған жайттар. 

Дiни таным аясында ой толғаған Маралтай: 

Арына ақтық байлап, шыбық қадап

Жалғанның жанарына суық қарап,

Iзiне Iбiлiстiң құл боп кеткен

Мен сүйген көркем күндер күлiп барад...

дейдi. Қазақ қоғамында ертеден-ақ киелi саналған ағашқа ақ шүберек байлау салты қалыптасқан. Ақ — пәктiктiң, ар тазалығының белгiсi, ал «арына ақтық байлап» тiркесiмен  жан тазалығын жет­кі­зеді. Ақын жалғанның да жанары бар екендiгiне көз жеткiзедi. Дүниенiң жалғандығына суық көзбен қараған күндер өлеңнiң соңына қарай күлiп бара жатады: шумақ бойын­дағы қарама-қайшылық сыры неде дейтiн бол­сақ, Iбiлiстiң iзiне ерiп құл болған, шайтанның аз­ғыруымен өткен «көркем» күндер ардың ақ жолына түскенде күлiп, ал өмiр жалғандығын та­ны­ған тұста суық көзқараспен қарап барады. Дiни се­нiмнiң өлең жолдарына түскендегi өрнегi кiмдi де болса ойландырары хақ. Маралтай ақынның ерек­ше еленiп жатуының сыры да осындай өлең­де­рiнен болса керек. 

Сайтандар қоршауында қалған ұлмын,

Я, Раббым, сiз қалайсыз кеңесуге! -

деп өршiл ақын өзгелердiң өресi жете бермейтiн та­қырыптарды қозғап, тәңiрiмен тiкелей тiлдескiсi келедi. 

 Дiни пайымдауларға батыл бара бiлген Маралтай өмiрге ақсақал абыздың көзiмен қарайды. Адам­гер­шiлiк пен рухани тазалық өлеңге өзек болады. Сүй­генiне арналған сағыныш сазы немесе дүниеге сәби кел­дi деп жар салған сүйiнiш-өлеңi болмасын, қай тұс­та да жаппар иесiне сыйынып, Жаратқанға арқа сүйей­дi. Мәселен, жас нәресте дүние есiгiн ашқан сәттегi қуанышын бейнелеуде «сенде жау жоқ» деп жаңа туған нәрестенiң перiште қалпын «әдемi» бере бiлген. Маралтай өлеңдерiнде айтылатын негiзгi оймен бiрге Аллаға арналған мадақ қабат жүредi, «Ластауға лайықсыз — Лә ил Аллам» деген жолдар сөзiмiзге дәлел. 

 Маралтайдың «Қарсы тұру қиын, рас, Құдайға» ат­ты өлеңiнде көркем образ түзу тарапынан да, маз­мұндық аясы тұрғысынан да жырда Абай салған салтты саналы түрде жалғау бар. Абай атамыз «Күлiмсiреп аспан тұр жерге ойлантып әрненi» деп аспанға айшық­ты, адамдық бейне берсе, Маралтай да қалыспайды, «аспанды қолтығынан деметедi» және бiр қызығы құр қимыл бейнеленiп, демеп, көмектесiп қана қоймайды, «жанның шығуына жәрдемдеседi». Бейнелi қимыл абстракцияға ұласады. Жырда кездесетiн жетi шелпек тарату да Тәңiрлiк дiн танымының исламмен астасқан сипатын айғақтайды. 

Сенiскен дос, сүйген жарым — тәңiрiм,

Жыға алмадым жаратқанның әмiрiн.

...Бағыт сiлтер бода-бода жырларым, 

Менi аңсасаң — мекенiмдi, жарығым!

Өлеңде сопылық ағым поэзиясындағы сүйген жар — Тәңiрi көрiнiс тапқан. Маралтай ақын дiни ұғым­дар­ды жырында көп қолдануымен ерекшеленедi, өлең­дерiнiң дүниетанымдық аясы ислам дiнiндегi сопылық ағым­мен бiртектес келедi. Ақын жырындағы «жасыл жерге жаны жат жарықтықтың» жан әлемi жердi мекен етушiлермен үйлеспейдi, солай бола тұра, ол жаратқанның құдiретiне бағынады. 

Дәстүрдi дамыту барысында қаламгер рухани тазалықпен қауышуды Құдаймен бiрлiк деп қана қарамай, оның (тазалықтың) символы ретiнде бүкiл аспан мен ондағы денелердi жырға қосады. Жердегi адамның қимыл-қозғалысын, тыныс-тiршiлiгiн аспан әлемiне апарып, шексiз қиялға берiледi. Космогониялық құбылыстар ақын үшiн алыстағы қол жетпес арман емес, күнделiктi қуанышқа ортақтасып, қайғыны бөлiсетiн, жан сезiмдерiмен жақын келетiн рухани достар. 

 Маралтайдың «Өзек» атты өлеңi ешкiмге ұқса­май­тын үлгiнi қара өлең үрдiсiне сала келе, айрықша таныммен дараланады да, данагөй бабалар даңғылын дәстүрлi дамытады да. Үмiт отын үрлеп жағып, перiш­тенiң пәктiгiн өз бойынан iздеген лирикалық кейiпкердiң «өзiм» деген көңiлiне перiште келiп қонақтаса, «өзегiне» Iбiлiс ұя салады. «Өзiндiк» жан мен «өзектiк» тән — нәпсiнiң жiгi тым алшақ кетпес үшiн Құдайына күн-түн құлшылық етiп, медет тiлейдi. Маралтайдың Құдайына құлдық ұрған лирикалық қаһарманы орта ғасыр сопысының сүрлеуiн ұзарта түсiп, дәстүрлi танымды жалғастырады. 

«...Пенде деген екi өмiрге келмейдi, 

Менiң жолым — ең iзгi жол, сен» дейдi. 

Есер тәнiм сайтан айтса, естияр

Перiштеме көткеншектеп, көнбейдi. 

Адам баласының табиғи қалпын ақын дәлме-дәл жеткiзе бiлген. Сәт сайын сан құбылар жан әлемiне бiрде сайтан сыналап енiп, сананы сүрiндiрсе, бiрде перiштеге пана боп, пенделiкке перде тұтылады. 

Iзгiлiктiң iзетiмен рухты өрге сүйрейтiн сенiмдi жол­дың бiрi дiн даңғылы екендiгiн ақын өлеңi есiмiзге тағы бiр салып өтедi. Бұл дүниелiк өмiрдiң екi айналып қайта келмейтiндiгi мазмұнға тiрек болады. «Екi оттың ортасында қалған, өнбес дауға қазылық етушi» лири­калық кейiпкер кей сәттерде «пиғылына сайтан iсiн қолдатып сан рет адасып» та жатады. Асыл арманы — «Iбiлiстi перiштеге жеңдiру». «Иманына өрмекшi тор құрып тастағандықтан» да кейiпкерiмiздiң перiш­тесi қонарға орын таппайды. Адам мiнезi Маралтай өлеңiнде көлегейсiз шындық қалпында ашылады. Ақын перiште мен сайтан сынды дiни ұғымдардың арбасуы арқылы рухани тазалыққа ұмтылған жан арпалысын ашып көрсетедi. Адам табиғаты үнемi iзгiлiктен немесе зұлымдықтан ғана құралмағандығы шындық. Бұл туралы Қадыр ақын «Сондықтан да бiр жамандық iстемейтiн Жақсы жоқ, Сондықтан да бiр жақсылық iстемейтiн Жаман жоқ» дейдi. Ал Маралтай кейiп­керлерiнiң жаны жақсылыққа құштар болып келедi.

Адам психологиясын өлеңiнде терең танытқан ақынды сол iлiмнiң бiлгiрi ме деп қаласыз?! Себебi iзгi жолға түсуге шақырғанда «тәнiн сайтан билеп, перiштенiң ақ тiлегiне көткеншектеп», ере қоймайтын жан дүниенiң сан қырлы қыртысын көп ақындар Маралтайдай ашып көрсете алмас едi. Маралтай жырының айтар ойы терең, көркемдiгi де көңiлге қонымды. «Өрмекшi торымен құрсалған иман», «естияр тән», «перiште үмiтi», «сорабынан жаңылысқан құлжадай жыр», «бiр жүрекке сыйып кеткен iбiлiс, перiште, Құдай» секiлдi теңеу, айшықты ауыстырулар мен айқындаулар өлеңнiң өмiрiн ұзарта түседi, құндылығын арттырады. Жырда артық сезiлетiн сөз кездеспейдi, «құрғыр-ай», «сор-ай» секiлдi шылау демеуiндегi сөздерге экспрессивтiк-эмоциялық мән үстелгендiгi өлең көркемдiгiне көрiк қосқандай. 

Маралтайдың көп өлеңiнде оның лирикалық қаһарманы қараңғылық тұманы басқан бұл өмiрден безiп, ай шапағынан шуақ төгiлген айрықша аспан әлемiне жол тартады. Ол үшiн бұл дүние — Iбiлiс iрiткi салған дүние, адамдардың арпалысы оны әбден тойдырған. Жалған дүниенiң қыр-сыры мен қырсығын интуициялық таным аясында сезiнген ақын кейiпкерi кiршiксiз аппақ әлемнен ақиқат iздейдi. Пендешiлiктен шаршаған Маралтай перiштелiктi тапқысы келедi. Сондықтан да зерттеушi ғалым Б.Майтанов ол туралы «қиялмен арғы әлемнiң мәңгiлiк бекiнiсiне көшiп алған масаң жiгiтке кiр шалған мына тiршiлiк аянышты» дейдi. 

Ислам қағидаларын тереңнен тануға мүмкiндiк беретiн сопылық әдебиет «дүние кiрiн аршу» мәселесi тарапынан Маралтай поэзиясымен сабақтас келедi. Суфизмдегi абсолют Ақиқат — Құдайды Маралтай да тануға ұмтылады, тазалықты аспаннан iздеген ақын со­пылық идеяны марапаттамайды, сопы философиясы не­гiзiнде дүниенi таниды. Маралтайдың дүниета­ным­дық қыры басым жырларында өмiр шындығының көркем бейнесi көрiнiс бередi. 

Ақын жырларының iшкi, көлеңке тасасындағы жасырын мәнi болуы Маралтай поэзиясының құн­ды­лығын арттыра түседi. «...Поэзиядағы әр құбылысты, зат­ты өз атымен атау дегенiмiз — оның бүкiл ғажайып­ты­ғын жою деген сөз. Сондай-ақ поэтикалық тiлдiң құдырет­тiлi­гiнiң өзi — ақынның айтар ойын бiрденнен емес, бiртiндеп аша түсу болып табылады» деген едi Малларме. Ойдың образдылығын, құпиялылығын құптаған Маралтай ақын да өлеңдерiне негiз етiп кез-келген сөздi алмайды. Өлеңiнiң әдемi құрылымын медет тұтып, бiр сәттiк сезiмдердi сұлу сипаттауға да көп бой ұрмайды. Өлеңдерiнiң түбiнде құпия сыр, құнды ой жасырылады. 

 Сондай жырының бiрi «Түс» деп аталады. Ақын­ның бұл өлеңiн оқи отырып, астарлы мұңға толы сопы­лық поэзиядан символизм бағытын ажырата алмай қалуың­ыз мүмкiн. Себебi мұнда суфизмге тән «шелектеп тамған жас», «нұрлы дүние», «жұмақ төрi», «жарықтан басы айналған көбелек» сынды символдық мәнi басым ба­ламалар кездеседi. Өлең басталғаннан-ақ «маса-мұң» метафорасының мазаны алып ызыңдағанынан ли­рикалық қаһарманның қайғылы күйдi жыр аяғына дейiн ұстанатындығын болжайсыз. Суфизм мен символизмнiң астасатыны да осы тұс екендiгi белгiлi. Онан әрi қарай кейiпкерiмiз «көзiн жұмып» жiберiп, басқа жап-жарық әлемге енiп кетедi. «Сыңсыған бау», «мөлдiр бұлақ» айқындауыштары мен өзге әлем төрiнде iбiлiстердiң көрiнбеуi кейiпкерiмiздiң жұмақтан бiр-ақ шыққандығын байқатады. 

Ендi осында қалмақшымын мәңгiге, 

Сен келгенше өзгермейдi сезiмiм. 

Жұмақ төрi сенсiз бiрақ сәндi ме,

Тоз-тоз болар тау секiлдi төзiмiм.

Махаббат сезiмiнiң нәзiктiгi мен әуезiнiң сәндiлiгi табиғилық таныта келе, сопылық әдебиеттегiдей, тау секiлдi төзiмнiң тоз-тоз болып таусылуын бейнелейдi. 

Өлеңнiң соңғы шумағында кездесетiн 

Басы айналып көбелектей жарықтан, 

Құса болып күлге айналған денесi, —

деген жолдардағы көбелек көрiнiсi — сопылықтан жеткен үрдiс. Махаббатты аңсау идеясы тұрғысынан көркемдегiш құралдарды қолдану барысында ақын сопылық ағым өкiлдерiнiң өлеңдерi үлгiсiнде жазады. Дiни пайымдаулар негiзiне құрылған өлең астарынан ғашықтық мәселесi бой көрсетедi. 

Тұңғыш рет кәлимаға тiлiм кеп,

Құлып салдым құрдымына құлқынның, —

деген жолдар арқылы «құлқынына тыйым салған» сопыларша рухани тазару ниетiн ұстанады. 

Сопылардың Ақиқатқа ғашық болудан туындаған қайғысы Маралтайда махаббат елесiне деген мұңға ұласады. 

... Бiр-бiрiне қолы жетпей қамыққан, 

Қош, қош ендi, махаббаттың Елесi!

Сопылық дүниетанымның метафоралы-символдық жүйесiн өлеңiне негiз еткен Маралтай махаббат сезiмiнен адамзат бойындағы адамдық қасиеттердiң дамып, берiк орнығатынын сездiредi. 

Маралтайды сопылық поэзияның өкiлi деуге кел­мей­дi. Ол өлеңiнде сопы танымын түйсiне отырып, Құдай болу маңдайға жазылмаған соң, оған ұмтылып өмiрден баз кешумен келiспейтiндiгiн бiлдiредi: 

Менi көкке ынтықтырса сендегi от,

Дүниеден безушiлiк менде жоқ.

Құдай болу пешенеге түспесе, 

Күн кешу де бақыт шығар пенде боп! 

(«Тәуба»)

Абай айтпақшы «...һәммасын адамзат үшiн жарат­қанда, дүние ләззатын екiншi мәртәбада қалдыру, хақты табу» жаратқанның әмiрiне қайшы келумен бiрдей. Осындай танымды ұстанған Маралтайдың лирикалық кейiпкерi тәуба етiп, «пенде боп күн кешудiң өзi бақыт болар» дейдi. 

«Сентиментальдi құбылыс» — Маралтайдың «жүрегiне қанжар боп қадалған» заман қайғысын сөз ететiн өлеңi. Қайғының қара мұңы мұнда да орын алған. Қай өлеңiнде болмасын, ақынның қапасы мен наласы Құдаймен жалғасып жатады. 

Қара түн құлайды бауырына ап даланы,

Күрең нұр көкжиек көзiнде мелдеп тұр.

Қатқан қан сияқты.

Жұлдыздар қаралы ... ғаламның 

                                             бетiнде жаралы

Жұмыр жер адасып барады, —

дейдi ақын.

 Маралтай өлеңдерiнде сөздi шебер ойнатады. «Даланы бауырына баса құлаған қара түн» — бола­шағы бұлыңғыр заманымыздың символы. «Көзiнде күрең нұр мелдеп тұрған көкжиек» адам кейпiнде, оның көзiнде тұрған нәрсе қатқан қанға ұқсайды. Ша­хановша айтар болсақ, «қанатына қару-жарақ тиеп алған қаралы ғасыр» Маралтайда көзiне қан мелдеп толған кейiпте. Қарапайым сөздер Маралтай өлеңiнде образ түзiп, көңiлiңдi бiр қара қапасқа қамайтындай. «К», «қ» дыбыстарынан басталатын сөздер тармақтарда аллитерация құрап, қара бояуы қалың ұғымдарды одан әрмен қатаңдандыра түседi. Одан кейiнгi жолдарда «ж» дыбысының қайталанып келуi де жыр көркемдiгiн арттырып отырады. Маралтай әрбiр сөзiн таңдап қолданады, аз сөзбенен көп мағына берудi көздейдi. «Ғаламның бетi жаралы», оны жарадар еткен де, «жұмыр жердi бағытынан адастырған да» — адамзат. Адамзат үшiн аспандағы жұлдыздар қара жамылуда. «Сентиментальдi құбылыс» өлеңiнде қозғалатын мәселе рухани дағдарысқа ұшыраған адам әлемi, бұл — ақын жырларының басты тақырыбы. Маралтай адамгершiлiк iзденiстер үстiнде адамның жан-дүниесiн жете зерттей келе жырына негiз етедi. Ал жан әлемiн, рух мәселесiн сөз етуде Құраннан асқан кiтап, исламнан асқан ғылым жоқ дейтiн болсақ, Маралтай жырлары осы тұрғыдан Құран қағидаларымен сабақтас келедi. Оның өлеңдерiнде сайтан, перiште, Iбiлiс, иман, Абыл, Қабыл, Мақшар сынды дiни лексиканың алар орны ерекше.

Сайтандар тұр қарап, Iбiлiс

                                    төсiне гүл қадап 

Пенделер иманын ұрлап ап! 

Бұл сәттi суреттеу — қан жұтып

                                    айтатын қасiрет.

Сайтандар жеңiске жетiп, патшасы — Iбiлiстiң төсiне гүл қадайды, қара түнек қаптаған жер бетiнiң кейпiне Жаратқанның өзi жабырқай қарап, көз жасын төгедi. Өлеңде «Мақшар күнi» туралы дiни түсiнiк қолданыс тапқан, сүреден мысал келтiрiлген: «Адамзат баласы зиянда, ғапыл әм...» 

Адамзат болашағын ойлаған лирикалық кейiпкер тұман мен оттың ортасында қалып қиналады. Өткенi от боп жанып жоғалған, ертеңi тұманды бұлдыр сағым. Тылсым тұман арасынан қолына Құран ұстап адасып бара жатқан Жер көрiнедi. Адасқандарға жол сiлтер iзгiлiк кiтабы Құранның адамзат ұрпағы алдында құнының арта түсуi орнына керiсiнше қалып алуы ақын өлеңiнде былайша көрiнiс табады: 

Ертеңiм тұманды — артым от. Кеш,

                                             кешпе күнәмдi,

Алған -мен, берген — сен едiң ғой

Құранды.

Жұмыр жер адасып барады,

Қолында Құраны.

Өмiрдiң былыққа толы, былғаныш кейпiне разы болмаған қаһарман «өмiр атын ажалға бұрады» не болмаса «жалғанның жарығын талақ етедi». Тазалық нышанын Алладан тауып, онымен бiрiгудi армандаған сопылық поэзиямен үндестiгi ақынның рухани тазарумен байланысты өлеңдерiнен байқалады. Дүниенi сопыларша танып-бiлген, Аллаға ұмтылған, бiрақ сайтанмен арасын ажырата алмаған ақын кейiпкерi былай дейдi:

Бүгiнгi түн — мен үшiн ақырғы түн, 

Өмiрiмнiң ажалға атын бұрдым.

Мың ұмтылып Аллаға дiлiм жетпей, 

Аян боп тұр сайтанмен жақындығым. 

«Оптимизм» деп аталатын осы өлеңiнде Маралтай «жүрегiмнен жүз бұтақ өрiп шығып, Айналып кетсе, шiркiн, талға денем» деген арманын айтады. Ақынның ешкiмге ұқсамайтын, ұқсағысы да келмейтiндiгiнiң көрiнiсi бұл. Табиғаты бөлек жанның табиғаттың бiр бөлшегi талға ғана айналғысы келедi. «...Маралтайдың өзiне ғана ұқсайтын жолдар» деп бағалайды ақын өлеңiн Нұрлан Оразалин. 

Маралтай ақынның мұң жайлаған жырларының бәрiнде дерлiк ар-ождан мәселесi қамтылады, ұят-ибаның айтқанына көндiкпейтiн керi кеткен мiнез қайғының туындауына себепшi болады. Қайғылы мұңға батқан, махаббатты марапаттаған өлеңдерiнде адамгершiлiктi алға тартады. 

Маралтай ақырзаман туралы Алланың ескертпесiн еске салып өтедi. 

Сезесiң бе, мен түршiккен мәндi сен?

Кеңiстiкте жылжып келед қанды сең.

Бұдан кейiн жолықтырсаң, таң қалма,

Жаназасын өзi оқыған жанды сен.

Жер бетiн топан су қаптайтындығы, қиямет күнi мен Мақшар таңы ататындығын Алла-тағала Құранда бiрнеше жерде қайталап өтсе, Маралтай да жыр жолдарында сан мәрте тiлге тиек етедi. Аллаға арналған махаббат пен жан тазалығын дәрiптеген ақын ақырзаманды өлеңiне қосу арқылы адамгершiлiкке шақырады. Қандай бiр жырында болмасын, дiни түсiнiктердi қамти отырып, iзгi жолды исламнан, түзулiктi Құраннан табарын түйсiнедi. Сондықтан да Маралтайдың дiндi дiлiмен сезiнген лирикалық кейiпкерiнiң «жалғыз жаны жұлдыздармен қабырлас» келедi, «ырығына бағынбаған ынсабы жоқ ындынның мұң күйiн шертедi», «саудагер заманды иман атсын деп базардан қайтып бара» жатады. 

«Маралтай, ең бастысы, жалған шалқып, тасымайды. Жауындай күркiремейдi» дейдi ол туралы профессор Бақытжан Майтанов. Маралтай дүниенi дiни тұрғыдан таныған ақын дегендi қосқымыз келедi бiздiң бұған.  

Шайтандар басшысы Iбiлiстiң адамзат баласын айдағанына көнетiн көнтерлi атша ерттеп мiнiп, қалағанын iстете қамытты шылбыр ұшын қолында ұстайтындығы ақиқат, мұндай танымды ақын шынайы көрiнiспен көз алдыңызға әкеледi. Өлеңдерiндегi көркем образдар арқылы санамызға ой салады. Асқақ аспанды армансыз кезетiн, көк әлемiндегi құпия құбылыстарымен жер бетiндегi пенделердi салыстыруға құмар қаламгер жаны жер бетiнен беттi баса қашады да, жоғарғы кеңiстiкке құштар келедi. Нелiктен деген сұраққа жауап iздер болсақ, ақын үшiн аспан әлемi космостық қиял, жай иллюзия емес, аспан — тазалық, аспан — рухани биiктiк символы. Жер бетiнен жерiне бастаған ақын аспаннан кiршiксiздiк кепiлi болар жақсылықты тапқысы келедi. Бұл ғылыми «қарыштап» даму заманындағы жақсымен қатар жамандықтың да өрiстегенiн көру, жақсылыққа құштарлықпен бiр деңгейде адам бойындағы қанағатсыздықтың белең алуына деген қарсылық едi. Жалғандыққа жаны қас ақын адам баласының алғашқы перiштелiк қалыбын аңсайды. Өмiрдiң өтпелiлiгi де олар үшiн бейопалық. 

Жердi жалғандық орны санаған Маралтай да аспаннан орын алып, сондағы ай, жұлдыз кейiптi «адамдармен» тiлдескiсi, қауышқысы, қарым-қатынаста болғысы келедi. Аспан денелерiнiң астарындағы сан түрлi метафоралық кейiптеулер осы негiзде пайда болса керек.

 Жер бетiндегi пенделер тыныс-тiршiлiгiн ғарыш кеңiстiгiндегi космостық денелер қимыл-қозғалысы негiзiнде беретiн ақын жырларын оқырмандар жылы қабылдайды. Ол өлеңнiң көркемдiк өлшемдерiн, сыртқы пiшiн мен ырғақ, ұйқас сынды негiзгi критерийлердi жақсы меңгерген. Бiрақ Маралтайды жүрекпен қабылдауға себепшi болатын күш бiр бұл ғана емес, оны басқа ақындардан ерекшелеп тұратын нәрсе жырының iшкi сырының тереңдiгi мен нәзiк сыршыл қабаттың оқыған жан жүрегiне жол табатындығы, сондай-ақ айшықты сөз образдылығында жасырын жатқан сиқыр әлемi едi. Маралтай өлеңдерiн жақсырақ түсiну үшiн оның iшкi мәндерiн ұғыну қажет. 

Маралтай жырларында астары сырға тұнған әсерлi тiркестер көптеп кездеседi. Сан тарапты азапты өткерген жан азасы перiште мен шайтанның арпалысы негiзiнде қайғы шегедi. Санаға сыналап енген сайтанды қууға мүмкiндiк iздейдi. Маралтай өлеңдерiндегi дiни негiз дегенде, лирикалық кейiпкерлерiнiң сайтанмен, оның басшысы Iбiлiспен арпалысып, перiштелермен табысып жүрген кездерiн айтамыз. Поэзиядағы сопылық сарынды дамытты деуге болмас, бiрақ ақын өлеңдерiнен сондай танымдық iз байқаймыз. Рухани жоғарылау жолындағы адамгершiлiкке ұмтылысты өлеңiне өзек етедi.

Ақын «менi» қашан да қайғыда. Себебi заманының керi кеткен тұстарын көре бiлетiн көрегендiк пен адамның рухани азғындауын өлеңiне арқау ету ақын маңдайына жазылған азапты дүние. Бүкiл адамзат үшiн ақынның нәзiк жаны күйедi. Тән азығына тапталып жатқан рухтың жүрек түбiнен жарып шыққан жан айқайын ақын өлеңi жеткiзедi.

 Маралтай шығармашылығы ерекше бағалауға лайықты. Өлең өлкесiне өзiндiк стиль мен өзгеше лиризм ала келген сыршыл, мұңшыл ақынның қайсыбiр жырын алып қарамайық, астарына адамгершiлiктiң асқақ үнiн, адамдық қасиеттерге асықтықты жасырған жолдарға кезiгемiз. Адамгершiлiктi жырына жалау еткен ақын жан дүниенiң арпалысын беруде дiни танымға сүйенедi. Адам бойындағы жақсылық пен жаман мiнез-құлықтардың табиғи түзiлiмiн өлеңiне қоса отырып, жан психологиясына тереңдеп барады. Маралтай өлеңдерiнiң басым көпшiлiгi астарға толы, оның шығармаларында образбен көркемделген дана ой орын тепкен. Сырлы сезiмге толы лирикалық жырлары мен терең философиялы толғаныстары ақынның ертеден жалғасқан дәстүрден үйрене келе, соны iз салғандығын аңғартады. Өзiнен бұрынғы дәстүрлi жолдың озығын меңгере отырып, тозығын түрлендiре тың iзденiс, жаңаша бояумен өзгеше бейне туындатады.  

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры