Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » СҰҢҚАРДЫҢ СОРЫ

СҰҢҚАРДЫҢ СОРЫ

28 июнь 2018, Четверг
980
0

«Бақаның бағынан
Сұңқардың соры артық!»
Б.Момышұлы

Тірісінде-ақ аты аңызға айналған
Сұңқар еді Ол
бармағы көп шайналған,
Көкке сіңіп ғайып болды қапыда,
Бауын үзіп балағына байланған.
Балақ бауы – соқырлығы қоғамның,
Алдын кесіп, орлар қазды Оған мың...
Батырлықтың белгісі боп ол қалды,
Бұлар қалды мәнін ұқпай обалдың.
Содан бері Кеңсай жаққа қарайлап,
Бір мұңдылау ән салады бар аймақ.
Бір ұлы жыр жазуға мен тиіспін,
Көп тоғышар жатқан кезде сарай сап.
Бұйырмаған бір баспана басына,
Албырыт ем ғой жаны ғашық жасынға.
Жиі бардым (жиі қаңғып жүрген кез...)
Кеңсайдағы Баукеңдердің қасына.
Ерлік жайлы ездер жазып өлеңді,
Шымырлатты-ау төбемді.
Келген сайын, қонған сайын Кеңсайға
Бір ауыр мұң теңселтетін денемді.
Еске түсіп қайдағы мен жайдағы,
Аян берсе алашымның айбары.
Жуалының жусандары дүр етер
Көктөбеден салют атса...  
майдағы.
Жанши, жанши жүрегімді шыли мұң,
Көк бөрідей көкке қарап ұлимын....
Құлағыңа біздің дауыс жетер ме,
Қалғып кеткен қайсар ұлы-ау
Құлидың!
Сирек бізде бағы ашылған парықтар,
Бәрінде оның бір себеп бар, сұрақ бар:
 «Сұңқарлығы сор болды – деп,– басына!»
Күбірлейді Кремльдік куранттар.
Мен күрсінем, ішімде өлген сырым көп,
(Баукең болса «идиот» дер ме ед гүрілдеп).
«Алтын жұлдыз» тағып жатса табытқа
Сталиннің саусақтары дірілдеп.
Сыймайтұғын қалып түгіл табытқа
Орден тағу ойсыздық қой Алыпқа.
... Кенет Баукем атып тұрып орнынан:
–Дат! – дейтіндей азып-тозған халыққа.
– Дат! – дейтіндей көңіл көлі лай боп:
(Құсалы тіл тіліп түсер, былай кет!)
– Бабам жатқан... Балам жатар мекенді
Талап жатқан сендерде ме –
құдай жоқ!
Бүтін елді бүлдіретін – бүрсіздер,–
Тілін жұтқан тілсіздер!
Мен сендерден қорқам жаман
(О, нәлет..)
Мінезі жоқ мінсіздер.
Тірілтеді-ау, қай-қайдағы кегіңді,
 Енді қалған тегіңді сат, тегіңді.
Кім тазалар уға бөккен Көгімді,
Сен өлесің...
Кім қазады көріңді?!»
дейтін сынды Баукең кейде түнеріп,
(Тілін жұтқан мәңгүрттерге – тірі өлік).
Мен отырам Кеңсай жақта,
таң ата...
Тамағыма алапат кек тіреліп.
Арманына шуақ құйса іңкәр Күн,
Уақыт көшер  тұяғында тұлпардың.
Халін ұқсаң, қобыз тартып кетесің,
Бақытынан соры биік сұңқардың.
Қайық сынды ескегі жоқ өзенде,
Өз елімде өгейлікті сезем де...
Кейде Мен де құс боп кеткім келеді,
Бақалардың бағы жанған кезеңде.
2003 жыл
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры