Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » ҚАРА ӨЛЕҢ ДҮНИЯСЫНЫҢ БАҒБАНЫ

ҚАРА ӨЛЕҢ ДҮНИЯСЫНЫҢ БАҒБАНЫ

09 июль 2018, Понедельник
613
0

Ерлан ЖҮНIС, ақын. Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Көптеген республикалық жыр мүшәйраларының жеңiмпазы. Халықаралық «Шабыт» фестивалiнде бас жүлденi және 

ҚР Президентiнiң арнаулы кубогын иеленген.



Қара Өлең дүниясының бағбаны



Қазақты шын сүю үшiн, бәлкiм, махаббаттан да күш­тi­рек сезiм керек. Қазақты түсiну үшiн де қазақ болып туу жет­кiлiксiз. Махаббаттан қандай сезiм күштiрек? Өз тегiн пер­зент­тен артық кiм түсiнбек? Жек көрушiлiк пе? Жек көру ма­хаббаттан туады, жек көруден махаббат тумайды. Кек пе? Кектен кек қана шығады, ол да бiр отты шеңбер, шеңберден маз­мұны кереғар ештеңе ту­майды. Құмарлық па? Құ­марлық (мания) махаббаттан күш­тiрек болса, адамзат жара­ты­лысының моральдық канон­да­рын мансұқ ету керек. Өлiмдi сезiну ме? Махаббатта жанкештiлiк бар, соқырлық бар, өлiмге бас тiгу бар, өлiмдi сүю бар, махаббатты өлтiру де бар, алайда, бәрi де өлiмнiң емес, махаббаттың атынан. Маралтай Райым­бек­ұлының өлеңдерiн оқыған кезде кiсi ойы кейде осылай шектен шекке ұрады, жағалаудан жағалауға шалқиды. Қазақы деп аталатынның сыпаты әм мысалымен бетпе-бет келудiң баяны бұл өлең. Әулие дала рухының демiнен жаратылған қара өлеңнiң киесi қазақтың қай баласының маңдайына бұйырмады, Мамай батырдың шолпан жұлдызы сөнгенше қас қақпай шыраққа қарауы секiлдi, әдеби махаббаттың перизат болмысы соншалық кiрпияз, соншалық тәкаппар екендiгi бiр анық. Қонған киенi ұшырып алмау үшiн... «Жыр тәжi — Монамах тәжiнен басқарек, көтерiп тұруға ал оны...». Мiне, осы жерде махаббаттан да күштiрек сезiм көрiнiс бередi: ол — әдебиет. Әдебиет — дiн емес, ғылым емес, пән емес, ол — дүние мәнiнiң құбылуы, адамзат болмысының ғарыштық егiзi, ойлану мен сезiнудiң заттанбаған баламасы, жарата бiлу өнерi, өнердiң сезiмi. Флобердiң: «автор өз туындысында құдай секiлдi болуы керек: әр жерде бар, еш жерде жоқ» дегенi секiлдi, поэзия — әлемдi өзiңе айналдыру, өзiңдi өлеңге айналдыру. Өзi басынан кешпеген ой мен сезiм дилогиясының кейiпкерi еместiгi, өз тағдырының жалған тарихшысы бола алмайтындығы, яғни өлеңiнiң әрбiр жолы — өмiрiнiң әрбiр сәтiнiң монументi болуы Маралтай Райымбекұлының шығар­ма­шылық кеңiстiгiндегi жалғыз қанатты құстың атқан таңға, батқан кешке айтқан дұғасын адамзат тiлiнде түсiнуге мүмкiндiк бередi. Ақын — ғайыптың баласы. «Жұмыр жер адасып барады, қолында құраны», «Құранды сағатқа сүйеп...» «Уақыттың жанынан өтiп бара жатқан» ақын «һәм..., һәм шын қазақ болғасын» «Мойынында — бар әлемнiң обалы», «Жүрегiнде ару­ана елдiң қаны бар» оның жаны «аппақ емес, қап-қа­ра», «тағдыры оның — қара нар», «Мен көтерген тағдыр жүгiн кiм бiлсiн?!» деп, «мұндай болса, келмес ем, — деп, — өмiрге», «Сере қар, көк мұзға қанымен жазып мемлекетiнiң «махаббаты» туралы», «пенденiң бәрiн пайғамбар етiп жiберер» «Құдайдың құдiретi жоқ қолында», «Азар болса, уақытқа азық боламын», «Азар болса, бiр қырттың басы кетер» деп отанына «Ұл қыламын десең, сенiң құлыңмын», өлеңге «Сен аман бол, қара өлең, айналайын» арзуын айтып, « Тұрақ таппай он сегiз мың ғаламнан, кезiп жүрген түкпiрiнiң түкпiрiн» ақын жаны — қанатын от шалған құстай «кiн­дiктен сәл төмен тұста, жұлдызды иықтар ырыл­даған» шақта «жұлдыздан қашықтау тұста, езiлер бi­реу­дi күтiп...». «Қанатының астына маржан таққан» мы­на дүниенiң Әсемдiгi пен Мағынасын, жұмбақ Бол­мыс пен тылсым Жаратылыстың сәлемiн, «Кеңiстiкпен ке­лiсiмге келмейтiн», «Жер бетiнен бiр жоғалса табылмас» сол «Сұлулыққа сұқтандырып санасын» әуелде кеткен бiр қателiктен кейiн түзелмеген адам та­биғатының, адам үңгiрiнiң «Құдайдың салып суретiн қара қабырғасына» «Ақын бiткен Абылды iздеп өксидi...». Ой стереотиптерi мен шаблондарынан тұратын «Бүкiл ғалам сыйып кеткен кiтаптан қашып шығып алдыңызға тұрған кеп» «Далалық үмiттiң» ұлы «Сен де кештiң сол мұңды мен де кештiм, сенi қайдам, мен ендi емделмеспiн» деп, сол бүкiл дертiмен, жауапсыз махаббаттар мен ақталмайтын үмiттер мекенiнiң тұрғыны, анығында тұтқыны болып өмiр сүредi. Қазақтың атынан, әдебиеттiң атынан, махаббаттың атынан өмiр сүредi. «Жаңа өмiр оған басталғандығын айтқысы келiп» «Шығысқа қарай адырна тартар, жар болса Тәңiр ақырын берiп!».

 ...Кәрi шаһардың бес қабатты үйлерiнiң бiрiнiң балконынан қарап тұрған он үш жасар бозбала төмендегi бiр қарағанға қалыпты картинаның мазмұнын сол шақта түсiне қоймаған шығар. Жасыл шөпке жамбастай жайғасқан үшеу. Бiрi маңдайына түскен шашын дембiл-дембiл артқа қарай сiлки қайырып, бiрi гитараға қо­сылып әлдебiр әндi қайыра қайталап, бiрi ешкiм көрiп қой­масын дегендей стақанға әлдебiр суды жасырып құйып отырды. Ән — «Любэнiң» әнi. «Там за туманами вечными пьяными, там за туманами любят нас и ждут...». Даусын сәл көтерiңкiреп қайталағанда әлгi кiсiнiң «туманамидi» «томанами» деп бұзып айтып отырғанын байқадым: «Тұманның ар жағында мәңгiлiк масаң күйде, Томанның ар жағында мәңгiлiк масаң күй­де келемiз...». «Там за Томанами вечными пья­ны­ми, там за Томанами берег наш родной...». Көз алд­ым­да әлi күнге дейiн ап-анық картина. Көп ұзамай-ақ үшеу­дiң бiрiн көрдiм: Серiк Томанов. Апандағы жаралы қасқырдай аласұрған оның поэзиясы екi жол — бiр таңдаудың арасындағы ақын бол­мысының жанай­қайын­дай. Ол тағдырдан жеңiлу мен же­рi­ну­лерден, адасулар мен ашынулардан өз жалғыздығына, жалғыздығы — халқына кеткен, қазақтан басқа ешкiмi, қаламнан өзге ештеңесi болмаған Серiк Томанов едi. Сол сәттен бас­тап Тараз маған қайта ашылды, сол сәттен бастап авто­вокзал басында басына қоңыр портфелiн жастанып жиырма бiр жасында мәңгiлiк ұйқыға кеткен Артыға­ли­дың орнын, Тараздың мыңжылдық жолдарындағы шиыр-шиыр боп қалған Маралтайдың iзiн, кейiн... ару ғана сүйер алқымын арқан сүйген досымның, жас ақын Өрнектiң бейiтiн көрдiм. 

Тұманның ар жағында... Мен сол сәттен бастап Маралтай Райымбекұлын тани бастадым. 

«Күздiң таңы. Күн тұман. Салқындаған,

Алмасымды тот жедi-ау жарқылдаған.

Жебем қисық, атуға адырнам бос,

Құзғындары төбемде қарқылдаған.

Күздiң таңы. Айналам ала тұман,

Ала тұман тағдыр боп жаратылғам.

Бүгiн бұл үй көңiлсiз, (той боп жатыр.)

Той бiткенше Кеңсайға бара тұрам»

Қазақ әдебие­тiне екiмыңыншы жылдан кейiнгi толқын келе бастады. Бiр батып, бiр шығып бес-алты жiгiттiң қарасы көрiнген. Имене басып Одаққа келетiнбiз. Бөлмедегi Оралханның, бiр қыздың... аяқталмаған портретi және қоңыр домбыраның сәулелерi бiр-бiрiне шағылысқан тұста, ортасында Маралтайдың бейнесi көрiнетiн. Сол жiгiттердiң көбiн жарыққа алып шыққан ол, сол жiгiттердiң көбi оған қарыздар. «Сыртынан айбат шексе де анталап..». Абадандар — Абадандар. Серiк Томановтың өлеңiнде бiр жол бар: «Бағбан болсам дейтiн едi Маралтай...». Иә, ол бағбан болды. Қара өлең дүниясының бағбаны. Әлемнiң әм әдебиеттiң жазылмаған заңдары атынан жазыңыз, кiсiнеген жүректер үшiн жазыңыз, Аға.

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры